Қызметке кіру енді тек ІІМ-нің білім беру ұйымдарында алғашқы кәсіби дайындықтан өткеннен кейін ғана мүмкін. Келесі жылға арналған дайындық кестесін министр ведомстволардың өтінімдері негізінде жыл сайын 1 желтоқсанға дейін бекітеді.
Іріктеу қалай өтеді
Кандидаттар арнайы ақпараттық жүйеге ЖСН арқылы тіркеліп, жеке кабинет алады. Барлық кезеңдерде олар жалғыз болуы, орындарынан кетпеуі, камераны өшірмеуі және бөгде бағдарламалар мен материалдарды пайдаланбауы тиіс. Ережелерді бұзу рәсімнің тоқтатылуына және нәтижелердің жарамсыз деп танылуына әкеп соғады.
Іріктеу бірнеше кезеңнен тұрады: хабарландыру жариялау, құжаттар қабылдау, тексеру, әскери-дәрігерлік комиссияда медициналық куәландыру, полиграф, тестілеу, жекелеген бағыттар бойынша эссе жазу, дене шынықтыру нормативтерін тапсыру және әңгімелесу.
Құжаттар және тестілеу
Құжаттар жеке кабинет арқылы ЭЦҚ пайдаланып тапсырылады. Жүйе жеке басын куәландыратын құжат, еңбек қызметі және әскери қызмет туралы мәліметтерді автоматты түрде тартып алады. Кандидат сондай-ақ жақын туыстары туралы мәліметтерді көрсетіп, дербес деректерді өңдеуге келісім береді.
Медициналық және полиграфологиялық тексеруден сәтті өткеннен кейін кандидат бес минут ішінде он сұрақтан тұратын тест тапсырады. Тергеу немесе киберқылмыспен күрес бағыттарындағы лауазымдар үшін қосымша 90 минут ішінде 250–400 сөз көлемінде эссе жазылады. Эссені жасанды интеллект тексереді.
Дене шынықтыру дайындығы және комиссия шешімі
Дене шынықтыру нормативтері санаттар мен медициналық-жас топтары бойынша бөлінеді. Ерлер мен әйелдер таңдау бойынша жаттығулар орындайды: жүгіру, тартылу, отжимание, денені көтеру. Әңгімелесуді қоса алғанда, барлық кезеңдер бейнежазбамен тіркеледі.
Қабылдау комиссиясы нәтижелерді бағалап, шешім қабылдайды: кандидатты оқуға ұсыну немесе бас тарту. Оқу тоғыз аптаға созылады, курсанттарға бюджет есебінен тамақтану және тұрғын үй беріледі. Дайындық мерзімі қызмет өтіліне есептеледі.