Құжатты қала экология және қоршаған орта басқармасы басшысының орынбасары Аршат Бахтыгереев ұсынды. Жоспар Экология және табиғи ресурстар министрлігінің қағидалары бойынша дайындалды және оған тоғыз бағыт бойынша 43 іс-шара енгізілді.
Оның он жетісі ауа сапасын жақсартуға бағытталған. Шаралардың ішінде – ТЭЦ-2 және ТЭЦ-3-ті газға ауыстыру, жеке секторды газдандыру, автокөлік шығарындыларын бақылау, шығарындылардың төмен деңгейі бар аймақтар құру және атмосфералық ауаны қорғаудың жаңа қағидаларын енгізу.
Су ресурстары бойынша судың сапасын мониторингтеу, өзендер мен каналдар арналарын жаңғырту, сондай-ақ ұзындығы 120 километрден астам арық желісін салу және реконструкциялау жоспарланған.
Жасыл қор блогында екпелерді түгендеу, аумақты көгалдандыру және жыл сайын кемінде 320 мың ағаш отырғызу қарастырылған.
Мәслихат депутаттары жоспарды қолдап, бекітті. 2025 жылдың соңында қалада атмосфералық ауаны қорғаудың жаңартылған қағидалары қабылданды, олар III санаттағы объектілер мен көлікке қатысты.